06.05.2026
Щучинск қаласындағы Жоғары педагогикалық колледж студенттерінің бойында патриотизм мен азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыру мақсатында, Бурабай өңірінен шыққан жерлестеріміздің жауынгерлік және еңбек ерліктерін үлгі ете отырып, сондай-ақ туған колледждің ел тағдырындағы тарихи маңызын ұғындыру үшін тарих және қоғамдық-гуманитарлық пәндер оқытушысы Бекмагамбетова Р.К., музей меңгерушісі Потюпкина Н.Д., кітапханашы Казыбаева Г.А. «Ұлы Жеңіс — мәңгілік тарих» атты ақпараттық-ағартушылық сағат өткізді. Іс-шара барысында зерттеу жобасының таныстырылымы мен пікірталас элементтері қамтылды. Бұл тәрбие сағаты тек тарих оқулықтарының беттерінде ғана сақталған емес, қаламыздағы әрбір екінші көшенің атауында және колледжіміздің тарихында өмір сүріп келе жатқан маңызды тақырыпқа арналды. Көбінесе біз ескі ғимараттардың жанынан өтіп бара жатып немесе Щучье көлінің жағасында демалып отырып, Бурабайдың әсем табиғатын қалыпты жағдай ретінде қабылдаймыз. Алайда осы тыныштықтың артында біздің жасымыздағы адамдардың тағдыры жатыр: олар оқулық орнына қолдарына қару алып, ал елге оралған соң шинельдерін жұмыс киіміне ауыстырып, бүгінгі біз өмір сүріп отырған өлкені тұрғызды. А-11 тобының студенті Аманова Малика «Бурабайдың мәңгілік полкі» атты зерттеу жұмысында архивтік құжаттар мен марапат парақтарын зерделеп, жерлестеріміздің ерліктерін жан-жақты жинақтаған. А-31 тобының студенті Макарушкина А. және РФ-11 тобының студенті Боровикова К. ардагерлердің Бурабай өңірінің дамуына қосқан үлестері туралы мәлімет берді. Олар бейбітшілікті қорғаған батырлардың есімдерін атап, олардың өмір жолы дәл біз білім алып жүрген оқу орнының қабырғасында басталғанын ерекше атап өтті. Көпшілігі үшін педагогикалық училище тек білім ордасы ғана емес, өмірдің ең үлкен сынақтарына дайындаған батылдық мектебі болды. Соғыс жылдарындағы шыңдалу ардагерлерге өңірімізді гүлденген аймаққа айналдыруға мүмкіндік берді, ал біздің колледж осы ұлы тарихтың маңызды бөлігіне айналды. Малика дайындаған «Бурабайдың мәңгілік полкі» жұмысы — жай ғана әдемі атау емес. Бұл — бүгінгі бейбіт өміріміздің негізін қалаған жандарды ұмытпауға шақыру. Уақыттар сабақтастығы — болашағымыз үшін аса маңызды. Біз ата-бабаларымыздың ерлігін есте сақтап, олардың тағылымын өз міндеттерімізге бейімдеуіміз қажет. Бұл — тарихқа деген құрмет қана емес, жарқын болашақтың берік негізі. Біз олардың есімдерін атап, олардың еңбегімен, төгілген тері мен қаны арқылы қалыптасқан орман мен жолдарды біле отырып, оларға мәңгілік өмір сыйлаймыз. Іс-шара барысында соғыс ардагерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды. Қорытындылай келе, ұйымдастырушылар Қазақстан ардагерлері екі рет ерлік жасағанын атап өтті: алғашында қарумен елін қорғап, кейін бейбіт заманда гүлденген өлкені тұрғызды. Бізде мақтан тұтар тұлғалар бар, ал бүгінгі міндетіміз — олардың ерлігін ұмыттырмау. Өйткені өлкенің тарихы — ең алдымен адамдар. Батырларымызды танып, есте сақтайық! Біздің міндетіміз — сол аманатқа лайық болу. Олар өз міндетін атқарды. Енді кезек біздікі — есте сақтау және ел игілігі үшін еңбек ету!